NIS Aktau ұстаздарының мақаласы халықаралық SCOPUS журналына енді
Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері жасанды интеллект пен STEM білімін ұштастырған ғылыми зерттеулерімен халықаралық деңгейде танылды. Мектеп мұғалімдерінің мақаласы беделді Scopus халықаралық дерекқорына енетін журналда жарық көрді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ғылыми жұмыс «Дамушы елдердегі мектептің жоғары сыныптарындағы STEM білімінде жасанды интеллект алшақтығын азайту арқылы теңдік пен инновацияны дамыту» тақырыбына арналған. Авторлар — биология пәнінің мұғалімі Гүлжан Нүсіпжанова мен химия пәнінің мұғалімі, доктор Мохаммед Эль-Ших.
Зерттеуде Азия мен Африканың дамушы елдеріндегі білім беру жүйесіне жасанды интеллектті (AI) енгізудің маңыздылығы қарастырылады. Авторлар қазіргі таңда дамыған елдер мен дамушы елдер арасында ЖИ технологияларын қолдануда үлкен айырмашылық бар екенін атап өтеді.
Ғылыми мақаланың басты ерекшелігі – зерттеу командасының халықаралық құрамында. Жұмысқа NIS Aktau мұғалімдерімен бірге Yessenov University оқытушылары Айгүл Балғалиева мен Эльвира Сағындықова, АҚШ-тан келген Уиллиям Олайфа мен Эммануель Инегбедон қатысты.
Мақалада AI-ды биология мен химия пәндерін оқытуда қолданудың маңызды артықшылықтары көрсетілген. Мәселен:
- Виртуалды зертханалар арқылы тәжірибелік жұмыстарды цифрлық форматта орындау;
- Әр оқушының деңгейіне сай ЖИ негізіндегі жеке оқыту жүйелерін енгізу;
- Ғылыми деректерді талдау және зерттеу дағдыларын дамыту;
- Оқу материалдарын жергілікті тілдерге аудару және ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларға қолжетімділікті арттыру.
«Зерттеуді 2025 жылдың басында жолдадық. Мақала ғылыми әдебиеттерге кеңейтілген шолуды, халықаралық тәжірибені талдауды және авторлардың өз педагогикалық тәжірибесін жинақтауды қамтыды»,– дейді Гүлжан Нүсіпжанова.
Бұған дейін де мектептің тағы екі педагогінің мақаласы Scopus базасына енгізілген еді. Бұл NIS Aktau ұжымының жоғары ғылыми-зерттеу әлеуетін және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін айқын көрсетеді.