Маңғыстауда дауылды ескерту: Ураган жел соғып, нөсер жаңбыр жауады
Бүгін Маңғыстау облысында ауа райының күрт бұзылуына байланысты шұғыл ескерту жарияланды. «Қазгидромет» синоптиктері аймақта ураганды жел мен нөсер жауын күтілетінін айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бейнеу, Қарақия және Маңғыстау аудандарында ураганды жел мен шаңды дауыл күтіледі. Жел жылдамдығы 30 м/с дейін жетеді, бұл шатырлардың ұшуына және байланыс желілерінің үзілуіне әкелуі мүмкін.
Ал Ақтау мен Жаңаөзенде нөсер жаңбыр мен су басу қаупі бар. Жауын-шашын мөлшері айлық нормадан асып түсуіне байланысты жолдар мен ойпаттарды су басу қаупі бар. Әсіресе Ақтау қаласындағы жағалау аймағы (Приморский) мен төменгі ықшамаудандар және қала іргесіндегі өндірістік аймақтар.
Өңірдің басым бөлігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ жауып, дауыл тұруы мүмкін.
Ал облыстың батысы мен солтүстігінде көріну деңгейін төмендететін шаңды дауыл көтеріледі.
Мамандар тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауды кеңес етеді. Мүмкіндігінше ғимараттан шықпай, көліктерді берік емес конструкциялар мен биік ағаштардың астына қоймаңыз, сондай-ақ алыс сапарға шығудан бас тартқаныңыз абзал.