Жаңаөзен және Қашағандағы МӨЗ зауыты: Премьер-министр Энергетика министрлігіне газ жобаларын қатаң бақылауды тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканы орнықты қамтамасыз ету үшін мұнай мен газ өндіру қуатын арттыру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Үкіметіне сілтеме жасап.
«Мұнай өндірудің жоспарлы деңгейін қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігіне ірі жер қойнауын пайдаланушылармен өндіріс көлемін ұлғайту шаралары бойынша келіссөздер жүргізуді тапсырамын. Елдің энергия ресурстарына деген сұранысын қанағаттандыру үшін газ өндіру қуатын арттыру қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Газ саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға, Қашағанда газ өңдеу зауытының, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі құрылысына баса назар аударылады.
«Энергетика министрлігіне QazaqGaz және ҚазМұнайГаз компанияларымен бірлесіп, биыл Қашағанда көлемі 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауытының құрылысын аяқтауды, ал келесі жылдын басында Жаңаөзендегі зауытты пайдалануға беруді тапсырамын. Газ тасымалдау жүйесіне ерекше назар аудару қажет. “Бейнеу – Бозой – Шымкент” газ құбырының екінші желісін табысты іске асыру стратегиялық міндет болып табылады, бұл қолжетімді газ көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігі осы орайда тиісті үйлестіру мен қатаң бақылауды қамтамасыз етуі қажет», — деп тапсырды Олжас Бектенов.