Маңғыстауда бірегей қолөнер орталығы ашылады
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұлттық киім бренді – «Тәрбиянің» негізін қалаушы Тәрбия Айдымбаевамен кездесті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудің негізгі мақсаты – дәстүрлі өнерді дамыту және оны заманауи форматта жаңғырту арқылы өңірдің мәдени әрі экономикалық әлеуетін арттыру.
Кездесуде өңірде ұлттық дәстүрлі өнерді насихаттау, қолөнер саласын жаңғырту және оны заманауи бағытта ілгерілету мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі ұлттық бірегейлікті сақтау өңірдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызды фактор екенін атап өтті.
– Бүгінде дәстүрлі қолөнер тек мәдени мұра деңгейінде қалып қоймай, экономиканың толыққанды саласына айналуға тиіс. Біз ұлттық өнер арқылы жаңа жұмыс орындарын ашатын, туристік тартымдылықты күшейтетін және Маңғыстаудың брендін қалыптастыратын тұтас экожүйе құрып жатырмыз. Мұндай жобаларға әрдайым басымдық беріліп, жүйелі қолдау көрсетіледі, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесудің басты нәтижесі – ұмыт бола бастаған халық өнерін жаңғыртуға бағытталған бірегей алаң ретінде «Тәрбия» қолөнер орталығы жобасының таныстырылымы болды. Бұл бастама елімізде теңдесі жоқ жоба ретінде ұсынылды.
Жоба аясында еліміздегі алғашқы кілем тоқу орталығын Маңғыстау облысында іске қосу көзделіп отыр. Қазіргі таңда жоба шеңберінде өңірдің 20 тұрғыны оқып, жұмыспен қамтылды.
Орталық тек өндірістік алаң емес, сонымен қатар білім беру платформасы ретінде де жұмыс істемек. Мұнда ұршықпен жіп иіру, жүн өңдеу, киіз басу секілді дәстүрлі өнер түрлері үйретіліп, ұлттық қолөнердің жаңа буын шеберлері қалыптасады.
Сонымен қатар жоба туризмді дамытуға да серпін береді. Өңірге келген қонақтар дәстүрлі бұйымдардың жасалу үдерісін көріп, қазақ халқының бай мәдени мұрасымен жақын таныса алады.