Otpan News Logo

Бейбіт Жұқаев Оңтүстік Кореядағы турнирін сәтті бастады

|
14.04.2026 17:03
Бейбіт Жұқаев Оңтүстік Кореядағы турнирін сәтті бастады
Фото: Ашық дереккөзден

Әлемнің 305-ракеткасы, Ақтау теннис мектебінің түлегі Бейбіт Жұқаев Пусан (Оңтүстік Корея) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды otpannews.kz.

 

Қазақпараттың жазуынша, жерлесіміз алғашқы айналымда АТР рейтингісінде 708-орында тұрған оңтүстіккореялық Юй Сун Пакпен кездесті.

 

Бірінші партия жергілікті спортшының есебіне жазылды - 6:4. Дегенмен бұдан кейін Бейбіт ойын тізгінін қолына алып, камбэк жасай білді - 6:4, 6:4.

 

Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Жұқаев 12 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың тек екеуін ғана пайдаланды. Пак 12 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті. 

 

Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 110-ыншы, осы жарыстың 3-ракеткасы, жапониялық Шо Шимабукуромен сарапқа салады.

 

Қазақстандық теннисші осыған дейін Мексикадағы қос челленджер додасында ширек финалға дейін жетіп, екеуінде де жарыстың 1-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортқа жол берген еді. 

 

Соның нәтижесінде кеше жаңартылған әлемдік рейтингіде Бейбіт 340-тан 305-орынға көтерілді. Қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде ол 297-сатыға жайғасқан. 

42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!