Otpan News Logo

Жыл басынан бері Маңғыстауда бағаға қатысты 80-нен астам заңбұзушылық анықталды

|
21.04.2026 15:30
Жыл басынан бері Маңғыстауда бағаға қатысты 80-нен астам заңбұзушылық анықталды

Маңғыстау облысының сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Кәсіпкерлік және сауда басқармасымен бірлесіп, демалыс күндері базарлар мен шағын және орта бизнес нысандарында баға мониторингін жүргізді. Бұл тексерулер нәтижесінде жыл басынан бері тіркелген заңбұзушылықтар саны 84-ке жетті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Департамент басшысы Рауан Мұхаевтың айтуынша, арнайы комиссия апта сайын рейд жүргізеді. Оның сөзінше, бақылау тұтынушылар өздері де заңбұзушылықтар туралы хабарлаған кезде тиімді болады.


Өткен демалыс күндері «Асар-С», «Көк-базар», «Мағаш» базарлары және бірқатар ірі және шағын сауда нысандары тексерілді.


«Мониторинг барысында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме баға 15%-дан аспауы тиіс екені ескертіледі. Жыл басынан бері анықталған 84 заңбұзушылық бойынша кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды. Антирейтингтің көшін “үй жанындағы дүкендер” бастап тұр - 72 жағдай, сауда желілері - 6, көтерме сауда орындары - 6. Көріп отырғанымыздай, заңбұзушылықтардың басым бөлігі күнделікті тұтынушылар баратын орындарда тіркеледі», - деді департамент басшысы.


Рауан Мұхаев бағаның қалай қалыптасатынын қарапайым мысалмен түсіндірді.


«Кейбір көтерме саудагерлер немесе кәсіпкерлер тауарды бір-біріне қайта сатып, бағаны жасанды түрде өсіреді. Олар сақтау, тасымалдау немесе өңдеу сияқты нақты құн қоспайды, бірақ соңғы бағаны арттырады. Сонымен қатар, мұндай тиімсіз делдалдық көбіне цифрлық есептің жоқтығымен, бейресми есеп айырысумен және мәмілелердің ашық болмауымен байланысты. Біздің міндетіміз – осындай тізбектерді анықтап, оларды сауда жүйесінен алып тастау. Ең өзекті баптар – ӘҚБтК-нің 204-4-бабы (баға және сауда ережелері – әлеуметтік маңызы бар тауарларға артық үстеме қосу) және 193-бап (тұтынушылар құқығын қорғау – баға көрсеткішінің болмауы немесе жалған баға белгілеу)», - деді ол.


Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларға келсек, қазіргі уақытта ондай шектеу жоқ.


«Бұрын шекті бағалар болған, ал қазір нарық бағаны өзі реттейді. Тұтынушы бағаны салыстыра алады. Мысалы, картоп бір базарда 250 теңгеден сатылса, үй жанындағы дүкенде 450 теңге болуы мүмкін. 200 теңге айырмашылық - бағаның негізсіз өсірілгенін көрсетеді. Сондықтан бағаның күрт өсуін, рұқсат етілген үстемеден асып кеткенін немесе кассадағы алдауды байқасаңыз, бейжай қарамаңыз. Шағымды бірнеше минут ішінде e-Otinish қосымшасы арқылы беруге болады – дүкенді көрсетіп, мәселені сипаттап, фото тіркесе жеткілікті», - деп түсіндірді департамент басшысы.
42
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!