Otpan News Logo

Халықты скринингпен қамту 25%-ға артты – Денсаулық сақтау министрлігі

|
21.04.2026 10:55
Халықты скринингпен қамту 25%-ға артты – Денсаулық сақтау министрлігі
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Министр Денсаулық сақтауды дамыту тұжырымдамасында инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсатында медициналық көмекке қол жеткізудегі теңсіздікті төмендету, оның сапасын арттыру, интеграцияланған тәсіл мен цифрлық құралдарды енгізу жөніндегі шаралар көзделгенін атап өтті.


«Жүзеге асып жатқан жүйелі шаралар мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, мүгедектік пен өлімді азайтуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.



Ведомствоның мәліметінше, бүгінде республикада ауытқуларды ерте анықтау үшін скринингтің 6 түрі, оның ішінде 3–і перзентханаларда жүргізіледі.


Аудиологиялық скрининг нәтижелері бойынша есту қабілеті толық жоғалған 523 балаға құны 6,5 млн теңгеге жуық есту импланттары орнатылды.


Офтальмоскрининг қорытындысы бойынша көздің патологиясы анықталған 721 шала туған нәрестеге уақтылы емдеу жүргізіліп, олардың көру қабілеті сақталды.


Сонымен қатар, елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35%-ға дейін өскен. Министр бүгінгі таңда онкологиялық скринингтер сақтандыру мәртебесіне қарамастан барлығына қолжетімді екенін атап өтті. Сондай-ақ, инсультті ерте анықтауға арналған жаңа скрининг енгізілді. Бұл қосымша 300 мың адамды қамтуға мүмкіндік берді.


«Скрининг қорытындысы бойынша 320 мың адам динамикалық бақылауға алынды. Онкологиялық ауруларды ерте анықтау 35%-ға дейін өсті, тиімді зерттеулермен қамту 4%-дан 38%-ға дейін артты», — деді Ақмарал Әлназарова.


Ведомствоның мәліметінше, елімізде инсульт орталықтарының желісі қарқынды дамып келеді, бүгінгі таңда 85 заманауи орталық бұл қажеттілікті толығымен жауып отыр.


Инфаркт кезінде көмек көрсетуге арналған «алтын сағат» қағидатын сақтауды қамтамасыз ететін 48 коронография орталығы жұмыс істеп тұр. Мұндай орталықтар ауыл деңгейінде де ашылуда.

38
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!