Otpan News Logo

Ақтаудағы NIS оқушыларының жобасы АҚШ-тағы байқауда қаржылай қолдауға ие болды

|
21.04.2026 13:04
Ақтаудағы NIS оқушыларының жобасы АҚШ-тағы байқауда қаржылай қолдауға ие болды

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Мерей Нұрғазы мен Зуриад Батырбектің «Nomad VISIT» жобасы және Аружан Қазыева, Асия Ғұмарқызы, Айару Ағайдардың «MediFLY» жобасы АҚШ-тың «Ciena Solutions Challenge» байқауында 750$ көлемінде қаржылай қолдау алды, деп хабарлайды otpannews.kz.


«Ciena Solutions Challenge» - 2021 жылдан бері Ciena және Digital Promise ұйымдарының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан байқау. Осы күнге дейін 103 елден 1200-ге жуық педагог пен оқушы нақты проблемаларды анықтау және шешу жолдарын ұсынды. Басты талап – өзекті проблемаларға БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына сай шешім ұсыну. Биылғы сайысқа әлемнің 23 елінен 62 команда қатысты.


- Біздің оқушыларымыз идеяларының жай ғана жоба емес, шынайы қолданысқа енгізілгенін қалайды. Сол үшін зияткерлер түрлі байқауларға қатысып, қаржылық қолдау іздейді. Осы сайысқа оқушыларымыз ақпан айында онлайн қатысып, өтінім жіберген еді, - дейді Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі, «MediFLY» жобасының жетекшісі Ислам Жомартұлы. 


«Nomad VISIT» жобасы – туристерге сұраныстары бойынша қажетті ақпаратты тауып беруге арналған қосымша. Әзірге қосымшада тек Қазақстан туралы мәлімет жинақталған. Жоба үш тілде жұмыс істейді. 


«MediFLY» жобасы – жасанды интеллект көмегімен квадрокоптер арқылы медициналық көмек көрсетуге арналған. Жоба жедел жәрдем көрсету қызметіндегі III және IV категориялық қоңырауларға ақпараттық тұрғыда көмек көрсетеді. 


- Біз жобамызды әрі қарай дамытып, қолдауды қажетті жабдықтарға жұмсауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, жобамыздың қаржылық моделін дұрыс шығару үшін бізге сарапшының көмегі керек, - дейді«MediFLY» жобасының мүшесі Аружан Қазыева.
13
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!