Маңғыстауда «Мәдени мұраны бірге сақтайық» акциясы аясында сенбілік өтті
Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күніне орай Қазақстанда «Мәдени мұраны бірге сақтайық» республикалық акциясы өтті. Аталған бастама Мемлекет басшысының 2026 жылғы халықаралық еріктілер жылының ашылуына арналған волонтерлер форумында берген тапсырмаларын іске асыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі мақсаты - тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, оларды абаттандыру, сондай-ақ қоғамның мәдени құндылықтарға деген жауапкершілігін арттыру.
Осы ретте республика бойынша барлық 20 өңірде кең ауқымды волонтерлік іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұра объектілерін тазалау, аумақтарын көркейту, сондай-ақ халық арасында ақпараттық-ағартушылық жұмыстар жүргізілді.
Акция аясында облыс әкімдігінің қолдауымен өңірдің үкіметтік емес ұйымдары мен еріктілерінің қатысуымен Есмәмбет ата қорымында сенбілік өткізілді. Іс-шара барысында қорым аумағы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, акция шеңберінде «Madenietti Mura волонтерлері» клубы құрылды. Жаңа клуб мәдени мұраны сақтау ісіне бей-жай қарамайтын азаматтарды біріктіріп, волонтерлік қозғалысты дамытуға серпін береді деп күтілуде.
«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Жібек Ахметова бұл бастаманың жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тартуға ықпал ететінін атап өтті.
-Аталған бастама мәдени мұраны сақтау ісіне қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті арттыруға, сондай-ақ жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тартуға ықпал етеді, - деді Жібек Ахметова.