Ақтауда «Студенттік жол» халықаралық жобасы ұйымдастырылды
17 сәуір күні Ақтаудағы Каспий өңірі «Болашақ»колледжінде «Студенттік жол - білім мен тәжірибеге ашық жол» атты халықаралық тәжірибе алмасу алаңы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның мақсаты – халықаралық әріптестікті нығайту, студенттер мен оқытушылар арасында тәжірибе алмасу, сондай-ақ білім мен өндірісті ұштастыру бағытындағы жұмысты дамыту.
Жиын барысында Францияның Académie de Paris өкілі Реда Фарах, сондай-ақ Lycée Galilée оқу орны басшысының орынбасары Olivier Tang, Маңғыстау облысының техникалық және кәсіптік білімді дамыту орталығының директоры Мирсат Измухаммедов және өңірлік ұйым өкілдері өз пікірлерін білдірді. Салтанатты жиында колледж басшысы Гүлжан Қаламқали сөз сөйлеп, оқу орнының жетістіктеріне тоқталды.
–29 жылдық тарихы бар колледжіміз мыңдаған білікті маман даярлап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар халықаралық байланыстардың кеңеюі білім сапасын арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады, - деді Гүлжан Қаламқали.
Бағдарлама аясында шеберлік сыныптары, ашық сабақтар мен зертханалық жұмыстар ұйымдастырылып, студенттер мен шетелдік қонақтар арасында тәжірибе алмасу жүзеге асты. Қонақтарға Маңғыстау өңірінің тарихи орындары таныстырылып, ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді. Сонымен қатар серіктес мекемелер базасында студенттердің өндірістік тәжірибеден өту үдерісі таныстырылып Mangystau Hub инновациялық орталығының қызметі туралы ақпарат берілді.