Ақтауда бір суарғанда шамамен 120 литр су қажет ететін қайың өседі
Ақтауда Маңғыстаудың шөлейтті табиғатына тән болмаса да қайың өседі. 1983 жылы Есік дендропаркінен 3 жасар қайың көшеті өңірге әкелінген. Ал 1992-1995 жылдары қайыңдар қазіргі ботаникалық баққа егілді. Сол уақыттан бері Маңғыстау тәжірибелік ботаника бағында қайың жайқалып өсіп тұр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Ақтауда өсіп тұрған қайың – қотыр қайың деп аталады. Ботаникалық бақта қотыр қайыңның екі формасы бар: бірі – кәдімгі, ал екіншісі – салбыраңқы түрі.
Қайың ағашы – қоңыржай аймақтарда өседі және ақ түсті қабығымен ерекшеленеді. Маңғыстаудың ыстық әрі қүрғақ климатында қайыңның өсуі – қиын. Сондықтан ботаникалық бақ мамандары қайыңдарға ерекше күтім көрсетіп отыр.
“Қайың ағашы ылғалды жақсы көреді. Маңғыстаудағы қайыңдар жаз мезгілінде құрғап, жапырақтарынан ерте айырылады. Қазір бүршік атып, жапырақтары гүлдеп тұр. Бірақ жаз келіп, ыстық жел соққанда ағаш жапырақсыз қалады. Бізде қайың ағашынан тұқым алу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан 3-5 жасар ағаш өскінін өзге өңірлерден алдырамыз”,- дейді дендролог Гүлсім Досщиева.
Қайың ағашын суаруға шамамен 100-120л су қажет. Мамандардың айтуынша, суару маусысы мамырдп басталып, қазанға дейін жалғасады.