Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі қысқарады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстанда жұмыссыздық бойынша берілетін жәрдемақы мерзімін алты айдан төрт айға дейін қысқарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Бұл өзгерістер заңсыз схемалармен күресуге және әлеуметтік масылдықты төмендетуге бағытталған, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Осы кезең ішінде жұмыссыздарға бос жұмыс орындары ұсынылады, ал егер азамат үшінші ұсыныстан бас тартса, төлемдер тоқтатылады. Сондай-ақ ведомство өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесін анықтап, оларға ресми жұмысқа орналасуды немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелуді ұсынуды ниеттеп отыр.
«Мысалы, бір есепші 10 ұйымда жұмыс істеп, бәрінен бірден шығып кетіп, қорға жұмыссыз ретінде өтінім берген. Енді оған орташа жалақысына сәйкес төлем жасалуы керек. Қазір жәрдемақы төлемдерінің ең жоғарғы шегі қайта қаралып жатыр, өйткені реттеуді қажет ететін тұстар бар», – деді Ертаев
Министр пандемияға дейін жұмыссыздыққа тапсырғандар 4 ай жәрдемақы алғанын еске салды.
«Пандемия кезінде бұл мерзім 6 айға дейін ұзартылды. Қазір жұмыссыз қалған адам бізде небәрі үш күн ғана тіркеуде тұрады. Біз бұл мерзімді 10 күнге созып, жәрдемақы төлеу кезеңін қайтадан 4 айға дейін қысқартамыз. Төлемдер бойынша өзгерістер азаматтарға тиесілі емес артық соманың төленуіне жол бермеу үшін жасалады», – деп түсіндірді министр.