Жүзден астам мектеп оқушысы мен студент әскери теңізшілердің тыныс-тіршілігімен танысты
Отан қорғаушылар күні қарсаңында 21814 әскери бөлімінің аумағында ата-аналар, әскерге дейінгі жастар мен оқушылардың қатысуымен «Ашық есік күні» өтті. Ақтау қаласының 100-ден астам мектебі мен колледж студенттері әртүрлі кемелер дивизионын аралады деп хабарлайды otpannews.kz сайты әскери ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара әскери-патриоттық тәрбие беруге, әскери қызметтің беделін арттыруға, халықты Қарулы Күштердің тынысымен таныстыруға және жастарды әскер қатарында қызмет етуге дайындауға бағытталған.
Қонақтар әскери бөлімнің аумағымен танысып, экскурсияға қатысты. Мұнда қару-жарақ, әскери техника, жабдықтар мен заманауи байланыс құралдарының көрмелері ұйымдастырылды. 29011 әскери бөлімінің десанттық-шабуылдау батальоны жеке құрамының қатысуымен қоян-қолтық ұрыс элементтері бар көрсетілімдік қойылымдар көрсетті. Сонымен қатар сарбаздар кемені ұрысқа және жорыққа дайындау барысын да көрсетті.
Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен әскерге дейінгі жастар арасында АК-74 автоматын уақытқа шашып-жинауды, оқжатарды патрондармен жабдықтауды және кермеге тартылуды қамтитын әскери-спорттық жарыстар өткізілді. Қонақтар сондай-ақ Қарулы Күштердің ардагерлерімен және жұртшылық өкілдерімен кездесіп, әскери іс бойынша шеберлік сыныптарына қатысты және жауынгерлік кемелермен танысты.
Әртүрлі кеме дивизионының командирі, 2-дәрежелі капитан Руслан Яхьяров мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті.
«Ашық есік күні – бұл жастарға әскери қызметтің нақты жағдайын көрсетуге, әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындығы мен күнделікті өмірін паш етуге жақсы мүмкіндік. Біз өскелең ұрпақта әскердегі қызмет туралы құрметке, тәртіп пен жауапкершілікке негізделген дұрыс түсінік қалыптасқанын қалаймыз»,- деді ол.
Оның айтуынша, әскерге дейінгі жастармен жұмыс істеуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Бүгінгі мектеп оқушылары мен студенттер – ертеңгі Отан қорғаушылар. Біздің міндетіміз – тек оқыту ғана емес, сонымен бірге патриотизм сезімін және өз еліне қызмет етуге дайындығын ұялата отырып тәрбиелеу»,- деп қосты 2-дәрежелі капитан Руслан Яхьяров.
Қонақтарды қарсы алу және сүйемелдеу әскери бөлімнің, бөлімшелердің қолбасшылығымен және тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі офицерлермен ұйымдастырылды. Іс-шараны өткізу армия мен қоғамның байланысын нығайтуда, патриоттық құндылықтарды қалыптастыруда және жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыруда маңызды қадам болды.