Маңғыстауда мерзімді әскери қызметке шақыру жалғасуда
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурызда «Белгіленген мерзімді әскери қызметін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2026 жылғы наурыз-маусым, қыркүйек–желтоқсан айларында Қазақстан Республикасы азаматтарын мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» Жарлыққа қол қойғаны туралы бұған дейін Otpannews.kz жазған болатын.
Аталған Жарлыққа сәйкес, кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатуға құқығы жоқ шақыру жасындағы азаматтар 2026 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында Қазақстан Қарулы Күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі қатарында әскери қызметке шақырылады.
Маңғыстау облысында көктемгі шақыру науқаны аясында 758 жас азаматты мерзімді әскери қызметке жіберу жоспарланған. 17 наурыздан бастап тиісті мекемелер шақыру жұмыстарын бастап кетті.
Қазіргі таңда болашақ сарбаздардың бір бөлігі әскери бөлімдерге жөнелтіліп үлгерді. Алғашқы шақырылғандар ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметі қатарына жіберілді. Қазір Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріне жөнелту кезеңі жалғасуда.
Еске сала кетейік, әскери қызметін өтеген азаматтарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, жоғары оқу орындарына түсу кезінде артықшылықтар беріледі.
Маңғыстау облысы қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Қасымхан Мединаев көктемгі шақырылым туралы айтып өтті.
«Мерзімді әскери қызмет жастарға көптеген мүмкіндік береді. Мәселен, үздік көзге түскендерге квота арқылы Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алу үшін грант беріледі. Сонымен қатар, армиядан оң мінездеме болған жағдайда ҰБТ-сыз жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Әскери қызметін өтегендер әскери оқу орындарына түсу кезінде де артықшылыққа ие болады. Сондай-ақ, шақырылғандарға 14 ай мерзімге несие демалысы беріледі», - деді ол.
Сонымен қатар, жұмысқа орналасу кезінде де жеңілдіктер қарастырылған. Әскери қызмет өткерген азаматтардың мемлекеттік қызметке тұруда және құқық қорғау органдарына жұмысқа қабылдануда басымдығы бар. Ал келісімшарт бойынша әскери қызметте қалғысы келетіндер үшін тұрақты жалақы, тұрғын үймен қамтамасыз ету және отбасы мүшелеріне әлеуметтік қолдау қарастырылған.