Маңғыстауда «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына өтінім қабылдау жалғасуда
Маңғыстауда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға және еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына қатысуға өтінім қабылдау жалғасуда. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Қасымжан Колхозов айтты.
Спикердің айтуынша, «Парыз» конкурсы бойынша өткен жылы 2 номинацияға 3 өтінім түсіп, жеңімпаздар анықталған.
- Байқау өңірлік және республикалық кезеңдерден тұрады. Конкурсқа кемінде үш жыл тұрақты жұмыс істеп келе жатқан, банкрот деп танылмаған, еңбек заңнамасын бұзбаған, қызметкерлер алдындағы берешегі жоқ және әлеуметтік тұрақтылығы дәлелденген кәсіпорындар қатыса алады. Мемлекеттік үлесі 50 пайыздан асатын ұйымдарға қатысуға рұқсат етілмейді. Қатысушылар белгіленген тәртіпке сәйкес өтінім мен корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бойынша нақты нәтижелерін қамтитын есепті ұсынады. Онда ұйымның қызметі, құрылымы, ұжымдық шарттың көшірмесі және басқа да қажетті құжаттар қамтылуы тиіс. Конкурс аясында жеңімпаздар бірнеше номинация бойынша анықталады. Атап айтқанда, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» және «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымдары қарастырылған. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған бастамалар үшін «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы беріледі. Конкурстың ең жоғары марапаты – Гран-при екі санат бойынша ірі және шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында табысталады, - деді Қасымжан Колхозов.
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында «Еңбек жолы» конкурсына тоқталып өтті.
- «Еңбек жолы» конкурсы жыл сайын өңірлік және республикалық кезеңдерде өткізіледі. Оған мемлекеттік қызметшілерден басқа барлық сала қызметкерлері қатыса алады.Жеңімпаздар үш негізгі номинация бойынша анықталады. Оларға «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары жатады. Аталған аталымдар арқылы көп жылдық еңбегімен танылған әулеттер, белсенді жас мамандар мен тәжірибелі тәлімгерлер іріктеледі. 2025 жылы «Еңбек жолы» конкурсына 7 өтінім келіп түсіп, үздіктер анықталған, - деді спикер.
Айта кету керек, екі конкурсқа да қатысу үшін өтінімдер электронды форматта қабылданады. Атап айтқанда, «Парыз» конкурсына hr.enbek.kz, ал «Еңбек жолы» конкурсына Qamqor.enbek.kz платформалары арқылы өтінім беруге болады.