Otpan News Logo

Ақтауда педагогтар білім сапасын арттыру мәселесін талқылады

|
21.04.2026 10:35
Ақтауда педагогтар білім сапасын арттыру мәселесін талқылады

Ақтау қаласында «Білім беру жүйесінде білім сапасын арттыру, заманауи оқыту әдістерін енгізу және озық тәжірибелерді тарату» тақырыбында ауқымды республикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Іс-шарада мектепке дейінгі, орта және инновациялық білім беру ұйымдарының тәжірибелері таныстырылып, цифрлық технологиялар мен заманауи педагогикалық әдістерді енгізу бағытындағы жаңа жобалар ұсынылды.



Бағдарлама аясында өңірге арнайы келген Батыс Қазақстан облысының делегациясы Ақтау қаласындағы бірқатар білім беру ұйымының жұмысымен танысып, озық тәжірибелерді саралады. Атап айтқанда, делегация «Таным» балабақшасы, AIS International School, IQ Intellectual School гимназиясы, №33 жалпы білім беретін мектеп, №29 Ф.Оңғарсынова атындағы мектеп-гимназия, №31 мектеп, №19 Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия және №8 И. Сүйеубаев атындағы мектептерде болды.


Жиында балабақшалар мен мектептерде инновациялық оқыту платформалары, нейрогимнастика, робототехника, STEM, инклюзиялық білім беру, цифрлық технологиялар және құзыреттілікке бағытталған оқу модельдері кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылар заманауи білім беру кеңістігін дамыту, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу мәселелерін талқылады.



Батыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ақжарқын Темірханова Маңғыстауға жұмыс сапарында екі өңір арасындағы білім саласындағы әріптестіктің маңызына тоқталды.


- Маңғыстау облысының білім басқармасымен меморандумның негізгі мақсаты – екі өңір арасындағы білім беру жүйелері бойынша тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді бірлесе талқылау және тиімді шешу жолдарын қарастыру. Бұл ынтымақтастық екі жаққа да жаңа мүмкіндік береді. Бұған дейін біз Маңғыстау облысының делегациясын қабылдап, Батыс Қазақстандағы білім беру ұйымдарының жұмысымен таныстырдық, - деді Ақжарқын Темірханова.


Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде «АІ Teacher Lab» шеберлік алаңдары ұйымдастырылып, мұғалімдердің жасанды интеллект негізіндегі авторлық жобалары ұсынылды. Сондай-ақ, мектепаралық қауымдастықтар арасындағы тәжірибе алмасу, инклюзиялық білім беру, STEAM бағытындағы жобалар және кәсіби бағдар беру жүйесін дамыту мәселелері қаралды.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!