№12 орта мектептің оқушылары теңіз жағалауын қоқыстан тазартты
Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан» акциясы тек бір реттік сенбілік емес, күнделікті дағдыға айналды. Ақтау қаласындағы №12 орта мектептің «Жасыл клубы» химия және биология пәнінің мұғалімі Вера Наумованың жетекшілігімен теңіз жағасын абаттандырды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
1 шағынауданы маяк маңындағы жолды арамшөп басып кеткенін көрген Вера Наумова досы Сәулемай Елемеспен бірге өз бетінше тазалай бастайды. «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы іске қосылған соң, бұл бастама жаңа деңгейге көтеріліп, педагогке шәкірттері қосылды.
«Жасыл клуб» мүшелері үшін теңіз жағасына шығып, таза ауада еңбек ету өте маңызды. Себебі мектеп ауласын тазалай бермей, қала деңгейінде өз пайдамызды тигізсек оқушылар үшін де айтарлықтай жетістік болар еді. Аталған жоба балалардың телефонда жиі отыруын азайтып, бір-бірімен қарым-қатынас орнатуына көмегін тигізеді», - дейді Вера Наумова.
Екі жыл ішінде жергілікті бастама жүйелі экологиялық жобаға айналды:
• Қамту аясы: 2025 жылдың басында жағалауға апта сайын 20-дан 30-ға дейін ерікті шығып тұрды.
• Аумақ: Оқушылар шамамен 500 де 30 метр болатын учаскені тұрақты түрде абаттандырып келеді.
• Жүйелілік: 2025 жылы желтоқсанға дейін әр демалыс сайын жүргізілді. Биылғы 2026 жылы еріктілер «сейсенбі - сенбі» кестесіне ауысты.
• Көгалдандыру: Энтузиастардың күшімен және «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің қолдауымен учаскеге айлант аллеясы отырғызылды. Белсенділер оған өздері күтім жасайды.
2025 жылдың соңында «Жасыл клуб» командасы «Таза Маңғыстау» 45 күндік челленджіне белсене қатысты. Белсенділер өсімдіктердің өсуіне кедергі келтіріп жатқан инвазивті қамыстарды алып, жағалауды қоқыстан тазартуды жалғастырып жатыр.
«Табиғатпен, жермен, теңізбен және өсімдіктермен тікелей байланыс жасөспірімдердің дамуына көмектеседі. Туған жердің таза болуына атсалысып, қоршаған ортаны көгалдандыру оқушылар үшін үлкен жетістік»,- деді Вера Наумова.