«Таза Қазақстан»: Ақтауда қала әкімі мен тұрғындар 100-ден астам ағаш отырғызды
Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов қала тұрғындары арасындағы белсенді азаматтармен бірлесіп, көгалдандыру шарасына қатысты. Ауқымды экологиялық акция бұл жолы 26 шағын аудан аумағында ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға мәдениет және спорт саласының өкілдері, студенттер мен оқушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, сондай-ақ белсенді интернет-блогерлер мен медиа саласының өкілдері қатысып, қала аумағын көгалдандыруға өз үлестерін қосты. Қатысушылар бірлесіп ағаш отырғызып, қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған маңызды бастамаға қолдау көрсетті.
Әбілқайыр Байпақов экологиялық акциялардың қала келбетін жақсартудағы маңызын атап өтіп, шараға қатысушыларға алғысын айтты.
«Қаланы көгалдандыру – баршамызға ортақ міндет. Табиғатты аялау, жасыл желекті көбейту арқылы біз келер ұрпаққа жайлы әрі көрікті орта қалыптастырамыз. Осындай игі іске белсенді қатысып жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Сонымен қатар, іс-шара аясында қала әкімі өзі тұратын аулаға 500-ге жуық ағаш отырғызған белсенді жас, табиғат жанашыры Жандарбек Күзембайды арнайы марапаттап, оған алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.
Жалпы көгалдандыру шарасы барысында 100 түп үйеңкі ағашы отырғызылды. Қатысушылар мұндай игі бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да қаланы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына белсенді әрі ерікті түрде атсалысуға дайын екендіктерін жеткізді.
Қала аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасын табады.