Айрақтыға танымдық сапар: болашақ туризм мамандары тарихи мұрамен танысты
18 сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай Маңғыстау туризм колледжінде мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Колледждің «Туризм» мамандығының І курс студенттері өңірдегі көрікті әрі тарихи орындардың бірі – Айрақты тауына танымдық экскурсияға барды.
Экскурсия барысында студенттер Айрақты тауының ерекше географиялық құрылымы, табиғи ерекшеліктері мен тарихи маңызы туралы жан-жақты мәлімет алды. Табиғат пен тарих үндескен бұл мекен жас мамандардың қызығушылығын арттырып, туған өлкенің құндылықтарын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Іс-шараны география пәнінің оқытушысы, мәдени-тарихи бағыттағы белсенді волонтер Шопанов Сарсен Қожабергенұлы жүргізді. Ол өз дәрісінде Маңғыстау өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.
Танымдық сапардың негізгі мақсаты - студенттердің тарихи-мәдени ескерткіштерге деген қызығушылығын арттыру, туған өлкенің табиғаты мен тарихын тереңірек таныстыру, сондай-ақ болашақ туризм мамандарының кәсіби танымын кеңейту. Сонымен қатар мұндай іс-шаралар тарихи мұраларды қорғау мәдениетін қалыптастырып, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға ықпал етеді.
Мамандардың айтуынша, далалық экскурсиялар студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруде маңызды рөл атқарады. Өйткені болашақ гидтер мен туризм саласының өкілдері үшін туған жердің тарихы мен табиғатын жетік білу – басты талаптардың бірі.
Айта кетейік, Маңғыстау өңірі - тарихи-мәдени ескерткіштерге бай аймақ. Сондықтан әрбір осындай тағылымды шара жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, ұлттық мұраны дәріптеуге жол ашады.