«Жердегі жұлдыздар» мерекесі ерекше балаларға қуаныш сыйлады
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақтау қаласында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жердегі жұлдыздар» атты мерекелік шығармашылық іс-шара өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған мерекелік іс-шараны «Алаш арманы» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Балалардың шаттыққа толы мерекесіне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен Маңғыстау облысының прокуроры қатысып, бүлдіршіндерді төл мерекелерімен құттықтады. Қонақтар балаларға ақжарма тілектерін білдіріп, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына әрдайым қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Іс-шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Мерекелік бағдарлама флешмобпен басталып, оған қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен би билеп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар балалар ән айтып, түрлі шығармашылық қойылымдар көрсетті.
Шара аясында сурет салу алаңдары ұйымдастырылып, бүлдіршіндер өз қиялындағы әлемді қағаз бетіне түсірді. Түрлі-түсті бояулармен салынған суреттер олардың шығармашылық әлеуетін айқын көрсетті. Бұдан бөлек, балаларға арналған қызықты ойындар мен эстафеталар өткізіліп, қатысушылар белсенділік танытты.
Мерекелік кештің басты мақсаты - ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға жағдай жасау, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру және көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға бағытталған. Жылы жүздесулер мен көтеріңкі көңіл-күйге толы өткен «Жердегі жұлдыздар» мерекесі балаларға ұмытылмас әсер қалдырып, олардың жүздеріне қуаныш пен шаттық сыйлады.