Ақтауда 4 келіден астам гашиш сақтаған күдікті қолға түсті
Ақтау қаласында ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз сақтау дерегі анықталды, деп хабарлайды otpannews.kz МО полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы прокуратурасының үйлестіруімен өткен бірлескен жедел-іздестіру іс-шараларына Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, облыстық ҰҚК департаментінің 5-басқармасы қызметкерлері, сондай-ақ Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының мамандары қатысты. Арнайы операцияға «Кира» атты қызметтік-іздестіру иті де жұмылдырылған.
Тексеру барысында күдіктіден жалпы салмағы 4 келіден асатын «гашиш» есірткі заты тәркіленді.
Аталған факті бойынша есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау дерегімен қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта Ақтау қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр.