«AMANAT» сайлауалды бағдарламасы: Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы жойылды
Былтыр Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласында «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясындатәулігіне 5000 текше метр теңіз суын тұшытатын зауыт іске қосылды. Бүгінде су тұшыту зауыты Форт-Шевченко, Баутино, Аташ халқын толықтай ауыз сумен қамтып отыр.
Маңғыстау облысында халық санының артуына байланысты жыл сайын ауыз су тапшылығы туындайтын. Бұған дейін Түпқараған ауданының тұрғындарына ащы су құбырлар арқылы, ал тұщы су жер асты көздерінен арнайы тасымалдаушылармен жеткізілетін. Енді «AMANAT» партиясының қолдауымен зауыт толық іске қосылып, құбырлар арқылы тұшыландырылған су тұрғындарға беріліп отыр.
Түпқараған су тұшыту зауытының басқарушы директоры Асқар Сұлтановтың айтуынша, Форт-Шевченко, Баутино және Аташ елді мекендерінде шамамен 12 мыңға жуық тұрғын тұрады. Олардың қазіргі тәуліктік су тұтыну көлемі – 2000 текше метр. Халықтың сұранысына сай су тұшытып, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстардың әрқайсы нақты нәтижеге бағытталды. Аймақта 9 су тұшыту зауыты іске қосылып, 58,3 шақырым су құбыры жаңартылды. Бұл Маңғыстау тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың айқын көрінісі», - деді «AMANAT» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев.
Тұрғындар да қазір тіршілік көзінен тапшылық көрмейтінін жеткізеді. Өңір үшін өзекті мәселенің оң шешілуіне мұрындық болған «AMANAT» партиясы мен жергілікті атқарушы органдарға алғысын айтуда.
«Жаз мезгілінде ауыз судың жетіспеушілігі қатты байқалатын. Кешке егін суаратын кезде судың жылдамдығы баяулап, әбігерге салатын еді. Ал қазір партияның қолдауымен жағдайымыз өзгеріп, мәселеміз шешімін тапты. Бүгінде сапалы, таза, ішуге ыңғайлы суды тұтынып отырмыз. Ауданымыздағы су тапшылығы толық шешілді», - деді аудан тұрғыны.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес және партияның сайлауалды бағдарламасы аясында облыста бірнеше жоба сәтті орындалды. Атап айтқанда Ақтау қаласы, Мұнайлы ауданындағы су тұшыту зауыттарының қуаты артты. «Кендірлі» курорттық аймағында орналасқан «Тоқмақ» жерінде қуаты тәулігіне 50 мың текшеметр болатын ірі су тұшыту зауыты іске қосылды. Осылайша аймақтағы ауыз су тапшылығы мәселесі толық шешіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар нәтижесін берді.