Маңғыстау еліміздегі ет бағасы рекордтық деңгейге өскен аймақтар қатарына енді
Қазақстанда ет бағасының күрт қымбаттауы байқалып отыр. Әсіресе қой еті мен сиыр еті бағасы айтарлықтай өскен, деп хабарлайды otpannews.kz.
Energyprom дерегінше, 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында елімізде 25,7 мың тонна ірі қара, қой, ешкі, жылқы және шошқа еті өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,8%-ға аз. Ет өндірісінің төмендеуі қатарынан екінші жыл жалғасып келеді.
Еттің ең жоғары бағасы Алматы мен Ақтау қалаларында тіркелді. Алматыда сиыр етінің келісі 4 мың теңгеден асса, қой еті 4,4 мың теңге, жылқы еті 4,5 мың теңге болған. Ал Ақтауда жылқы еті 4,6 мың теңгеге дейін, шошқа еті 3,7 мың теңгеге дейін қымбаттаған.
Кейбір өңірлерде баға салыстырмалы түрде төмен болғаны байқалды. Мәселен, Орал қаласында қой етінің келісі шамамен 3,2 мың теңге болса, Ақтөбеде сиыр етін осы бағада сатып алуға мүмкіндік болған.
Саладағы өзгерістерге қарамастан, кейбір ет түрлеріне сұраныс жоғары деңгейде сақталып отыр. Соңғы жылдары қазақстандықтар сиыр еті мен жылқы етін көбірек тұтына бастаған. Мысалы, 2022 жылы бір адамға орта есеппен жылына 23,8 келі сиыр еті тұтынылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 25,1 келіге жеткен. Ал жылқы етін тұтыну 6,2 келіден 7,5 келіге дейін өскен.
Ал қой және шошқа етіне деген сұраныс біртіндеп азайып келеді. Қой етін тұтыну бір адамға шаққанда жылына 5,4 келіден 5 келіге дейін төмендеген. Шошқа еті де 3,3 келіден 3,1 келіге азайған. Сарапшылар мұның басты себептерінің бірі бағаның қымбаттауы екенін айтады.
Сәуір айының қорытындысы бойынша:
* қой еті бір жылда 23,5%-ға,
* сиыр еті 20,9%-ға,
* жылқы еті 14,5%-ға,
* шошқа еті 13,7%-ға қымбаттаған.
Сәуір айындағы орташа баға:
* қой еті – 4 мың теңге,
* сиыр еті – 3,7 мың теңге,
* жылқы еті – 4,1 мың теңге,
- * шошқа еті – 2,9 мың теңге.