Маңғыстаулық дарынды оқушыларға облыс әкімінің ақшалай сертификаттары табысталды
Бүгін, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай халықаралық пән олимпиадаларының, ғылыми жоба конкурстары мен робототехника чемпионаттарының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Облыс әкімдінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, ресми шара барысында өңір басшысы дарынды жастарды жоғары жетістіктерімен құттықтап, бұл көрсеткіштер аймақтағы білім беру сапасының оң динамикасын айғақтайтынын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім сапасы табысты ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Бүгінгі жетістіктеріңіз – еңбектің, табандылықтың және білімге деген ұмтылыстың нәтижесі. Сіздер өңіріміздің ғана емес, еліміздің де мақтанышысыздар. Алдағы уақытта да ғылым мен білім жолында жаңа белестерді бағындырып, Қазақстанның дамуына өз үлестеріңізді қосады деп сенемін. Білімді болыңыздар, өздеріңізге сеніңіздер, әрдайым еңбектенуден жалықпаңыздар. Себебі үлкен жетістіктерге апарар жол үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбек арқылы қалыптасады, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасты. Оқушылар облыс басшысына мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, жетістікке жетудегі тәртіп пен таланттың рөлі, өмірлік маңызды шешімдер қабылдау, қазіргі жастардың ерекшеліктері және жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктеріне қатысты сауалдарын қойды.
Сонымен қатар дарынды жастар өздерінің алдағы мақсаттарымен бөлісіп, білім беру саласын дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Аймақ басшысы әрбір қатысушының пікірін мұқият тыңдап, мемлекет тарапынан қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.
Кездесу соңында оқушылар өңірдегі білім мен ғылым саласына көрсетіліп отырған жүйелі қолдау үшін алғыстарын білдірді.
Шара қорытындысы бойынша халықаралық және республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларға Маңғыстау облысы әкімінің ақшалай сертификаттары салтанатты түрде табыс етілді.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында Маңғыстау облысының оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен байқауларда жалпы саны 270 медаль иеленген. Олардың қатарында математика, информатика, биология пәндері бойынша халықаралық зияткерлік сайыстар, ғылыми жобалар конкурстары мен робототехникадан әлемдік чемпионаттар бар.