«Бейнеу – Маңғыстау» теміржол учаскесіндегі жөндеу жұмысы қашан аяқталады
Елімізде көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту аясында «Бейнеу – Маңғыстау» теміржол учаскесін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба Мемлекет басшысының көлік-логистика әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде жүзеге асып жатыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңарған теміржол магистральдық желінің өткізу қабілетін арттырып, пойыздардың тұрақты әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
- Разъездердің көпшілігінде негізгі жер жұмыстары аяқталды, рельс-шпал торын төсеу және жолдарды балластау жұмыстары жалғасып жатыр. Бағыттауыш бұрмаларды қиып орнату және темірбетон су өткізу құбырларын ұзарту жұмыстары орындалды. №12 разъезде көпір салу жұмыстары жүріп жатыр: негізі дайындалып, іргетас элементтері мен темірбетон тіреулер монтаждалды, сондай-ақ қалыптар орнатылды, - делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, дабыл беру, орталықтандыру және бұғаттау жүйелері бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Магистральдық кабельдері мен талшықты-оптикалық байланыс желілерін төсеу аяқталды. Қазіргі уақытта мамандар кабельдерді сынақтан өткізу, жалғағыш және тармақтағыш муфталарды монтаждау, жол жәшіктерін орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр, сондай-ақ блок-учаскелерді іске қосу-баптау жұмыстарына дайындап жатыр.
- Барлық іс-шара бекітілген өндірістік кестеге сай жүріп жатыр. Жоба аяқталғаннан кейін «Бейнеу – Маңғыстау» учаскесі қабылдау-жөнелту жолдарының заманауи инфрақұрылымымен және пойыздар қозғалысын ұйымдастырудың жаңартылған жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бұл тасымал қауіпсіздігін арттыруға, магистральдың өткізу қабілетін айтарлықтай өсіруге және өңірдегі теміржол көлігінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның жүзеге асырылуы аталған учаскенің өткізу қабілетін тәулігіне 12-ден 17 жұп пойызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны аяқтау 2026 жылдың соңына дейін жоспарланған, - деп атап өтті Көлік министрлігі.