Otpan News Logo

Ақтауда халықаралық инклюзивті теннис турнирі өтті

|
27.05.2026 09:00
Ақтауда халықаралық инклюзивті теннис турнирі өтті

Ақтау қаласында арбадағы теннис бойынша халықаралық ITF Wheelchair 50 сериясына жататын Zijin RG Gold Open жарысы аяқталды. 23-26 мамыр аралығында өткен бұл тартысты бәсеке еліміздегі көктемгі кәсіби жарыстар сериясының мәрелік түйіні болды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты 


Бұл додаға Азия мен Еуропаның 10 елінен 60-тан астам спортшы қатысты. Жарыста Қазақстан құрамасының үздіктерімен қатар Малайзия, Франция, Оңтүстік Корея, Жапония және Тайланд сияқты мемлекеттердің белді теннисшілері, соның ішінде әлемдік ТОП-100 рейтингіндегі шеберлер мен Паралимпиада қатысушылары бақ сынады.


Жарыс қорытындысы бойынша негізгі жекелей сында ерлер арасында тайландық Налуэмитр Бенкхунтход жеңімпаз атанса, оның отандасы Бунконг Кломпхан финалист атанды. Әйелдер арасында ресейлік Виктория Львова бас жүлдені еншілеп, Людмила Бубнова екінші орынды иеленді. 


Қол-аяқ функциясы шектелген спортшылар бақ сынайтын «квад» санатында тайландық Бунчерд Джайен жеңіске жетіп, Чонлапхат Сород күміс жүлдегер атанды.


Жұбаныш жарыстарында да тартыс толастамады. Ерлер арасында тайландық Воракит Дангчеинг жеңімпаз атанса, Шри-Ланка өкілі Ранавеера Ралс екінші орынға табан тіреді. Әйелдер арасындағы жұбаныш жарысының финалында қос отандасымыз кездесіп, қарағандылық Айжан Бұтымбаева жеңіске жетті, ал ақтөбелік Жанат Умуткулова финалист атанды.


«Мен Ақтауға екінші рет келіп тұрмын. Былтыр осы спорт түрінен Қазақстан кубогі ұйымдастырылған еді. Сол кезде осында алғаш рет келгенмін. Тенниспен айналысқаныма 3 жыл болды. Халықаралық турнирге де екінші рет қатысып тұрмын. Алғашқысы – Астанада өтті, екіншісі – міне, Ақтаудағы жарыс. Осы доданың арқасында мен тәжірибелі спортшыларды көрдім. Олардың техникасы мен тәжірибесін бақылап, біраз нәрсе үйренгендеймін»,- деді Ақтөбеден келген Жанат Умуткулова. 


 «Квад» санатындағы жұбаныш сынында оңтүстіккореялық Ча Мин Хён топ жарса, жапониялық Мотоки Сугано екінші орын алды.


Жұптық бәсеке бойынша ерлер арасында тайландық Н. Бенкхунтход пен С. Кхлонгруа жұбы алтыннан алқа тақса, Оңтүстік Корея спортшылары Х. Сон Бон мен Л. Джи Хван екінші орынды жеңіп алды. Әйелдердің жұптық сынында ресейлік Л. Бубнова мен В. Львова дуэті жеңіске жетіп, Оңтүстік Кореядан келген Х. Ин Кён мен П. Джу Юн жұбын артта қалдырды. «Квад» жұптары арасында тайландық Б. Джайен мен С. Ямпапха бас жүлдені иеленсе, Оңтүстік Корея өкілдері Ч. Мин Хён мен К. Кю Сын күміс жүлдені иеленді. 


Бас демеуші «Zijin RG Gold» компаниясының бас атқарушы директоры (СЕО) Ли Каивен мырза бұл жобаның әлеуметтік маңызы зор екенін атап өтті. 


«Zijin RG Gold компаниясы үшін мұндай турнирге демеушілік жасау – адаптивті спортты дәріптеуге және спортшылардың өз әлеуетін толық көрсетуіне тең мүмкіндіктер туғызуға қосқан саналы үлесіміз. Осы инклюзивті экожүйені дамыту компанияның әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі болып қала береді», – деп атап өтті Zijin RG Gold компаниясының бас атқарушы директоры (СЕО) Ли Каивен.


Ұйымдастырушылар бұл турнирді дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары 50 рейтингілік ұпайға ие болды. Бұл ұпайлар спортшыларға әлемдік рейтингідегі орындарын жақсартып, алдағы Азия Пара ойындары мен Паралимпиадаға жолдама алуға мүмкіндік береді.

75
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!