Жедел жәрдем жүргізушісінен фельдшерге дейін: Бейбіт Есенов қалай медицина маманы атанды?
Бейбіт Есеновтің жедел жәрдем саласында жүргеніне биыл - 16 жыл. Бір қызығы ол бұл салаға алғаш рет көлік жүргізуші болып келген еді. Алайда, уақыт өте келе ақ халаттылардың жұмысына қызығушылығы оянып, арнайы оқуын оқиды. 8 жылдан бері адамдардың өмірін сақтап жүрген білікті фельдшер туралы otpannews.kz сайтының тілшісі біліп келді.
Әрбір сирена дыбысының артында біреудің тағдыры мен үміті тұрады. Фельдшер болып қызмет еткен 8 жылдың ішінде талай адамға көмек көрсетіп, түрлі жағдайды көрген маман бүгінде сол сәттерді күліп еске алады.
"Қызығы да шыжығы да мол жұмыс. Өзіме мамандығым қатты ұнайды. Адамдардың өмірін ажалдан арашалап, науқастарға көмек көрсетіп жүрген ақ халаттылардың еңбегіне басымды иемін. Себебі жұмыс барысында түрлі жағдайларды бастан өткіземіз. Кейбіреуі қоңырау шалғанда науқастың нақты хал-жағдайын білмеген соң барғанда біз күтпеген жағдай орын алып жатады. Мәселен, кей шақыртуларда әйелдерді босандырып алған кездер болған. Сол сәтте қорқыныш болса да, қазір осындай тәжірбие болғанына қуанамыз. Себебі біз барлық жағдайға дайын болу керекпіз", - дейді Маңғыстау облыстық жедел-жәрдем бөлімінің фельдшері Бейбіт Есенов.
Маңғыстау облысы бойынша колл-центр орталығына күніне 600-ден астам қоңырау келіп түседі. Мұндағы мамандардың жұмысы үлкен шыдамдылық пен жылдамдықты қажет етеді.
"4 ауысым бойынша жұмыс істейміз. Ақтау қаласы бойынша 25 бригада бар. Жаңаөзен және түрлі елді мекендерде бригадалар 24/7 байланысты отырады. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларына бір тәулікте өзім жауапты боламын", - деді Маңғыстау облыстық жедел-жәрдем бөлімінің аға диспетчері Ақмарал Кисаева.
Көлік жүргізушісінен фельдшер қызметіне алмасқан Бейбіттің жолы тек тек мамандық ауыстыру емес, бұл - жүректің қалауы. Ол сияқты өз жұмысына адал, әрбір пациентке өз жақынындай қарайтын жандар барда - жедел жәрдем қызметінің сапасы тек биіктен көрінбек. әрқашан үміт биігінен көрінбек.