«Дарын» сыйлығына өтінім қабылдау басталды
Қазақстанда «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына үміткерлерден құжат қабылдау басталды. Биылғы байқауға өтінімдер 17 маусым мен 17 қыркүйек аралығында қабылданады.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Іс-шара барысында 2025 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының солисі Назым Сағынтай шығармашылық жолы мен жетістіктері туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ өнер иесі көпшілікке кеңінен танымал «Гауһартас» әнін акапелла орындап, көрермендердің ықыласына бөленді.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, мәдениет, спорт және қоғамдық қызмет салаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізген талантты жастарды қолдауға бағытталған. Жыл сайын табысталатын сыйлық жаңа есімдердің танылып, кәсіби дамуына мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы түрлі салада ерекше жетістіктерге жеткен жас қазақстандықтарды ынталандыру және олардың еңбегін насихаттау мақсатында беріледі.