Otpan News Logo

«Ана мен бала» орталығында мыңдаған нәрестенің кіндігін кескен қос ардагермен кездесу өтті

«Ана мен бала» орталығында мыңдаған нәрестенің кіндігін кескен қос ардагермен кездесу өтті

Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Медицина қызметкерлері күні қарсаңында акушерия-гинекология саласының ардагерлерімен тағылымды кездесу ұйымдастырды. Ақтаудағы «Ана мен бала» орталығында өткен басқосуда өңір медицинасының дамуына елеулі үлес қосқан ардагер мамандар – 89 жастағы Патшахан Әмірханова мен 85 жастағы Светлана Мәдиева бүгінгі буын дәрігерлері және медицина қызметкерлерімен жүздесті, деп хабарлайды otpannews.kz тілшісі.


Кездесу барысында қатысушылар Маңғыстау медицинасының қалыптасу тарихын тыңдады десек артық емес.


Өйткені бұл кісілер еңбек еткен кезең қазіргі уақыттан мүлде бөлек еді. Ол кезде шалғай ауылдарға жететін жол да жоқ, арнайы көлік те жоқ, байланыс құралдары да тапшы болатын. Соған қарамастан олар күн-түн демей халыққа медициналық көмек көрсетіп, талай ананың өмірін сақтап, мыңдаған сәбидің жарық дүниеге аман келуіне себеп болды.


Патшахан Бәймембетқызы еңбек жолын өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында бастап, ауылдық жерлерде фельдшер, акушер, кейін аурухана басшысы ретінде қызмет атқарды. Дәрігерлер тапшы болған уақытта бірнеше маманның міндетін қатар алып жүрген ол малшылардың қыстауларына дейін барып, ең қиын жағдайларда медициналық көмек көрсетті. Оның кәсібилігі мен адамгершілігі көптеген ана мен сәбидің тағдырын аман алып қалды.


Ал Светлана Мәдиқызы жарты ғасырға жуық уақытын Тұщықұдық ауылдық ауруханасына арнады. Акушер мамандығын меңгергенімен, қажет кезде фельдшердің де, хирургтің де жұмысын қоса атқарды. Елден шалғай жатқан мал шаруашылығы аймақтарын аралап, тұрғындардың денсаулығын қорғауға өлшеусіз үлес қосты. Қандай қиындық болса да, мамандығына деген адалдығынан ешқашан тайған емес.


Кездесуде ардагерлер қызмет барысында бастан өткерген қызықты әрі тағылымды оқиғаларын айтып, жас мамандарға жүрекжарды ақыл-кеңестерін жеткізді. Олар дәрігер үшін ең басты қасиет білім ғана емес, адамға деген жанашырлық пен жауапкершілік екенін атап өтті.


Қос ардагер орталықтың заманауи босану бөлімдерін аралап, медицинадағы жаңа мүмкіндіктер мен құрал-жабдықтармен танысты. Өздері еңбек еткен кезеңді еске алған олар бүгінгі буын дәрігерлерінің жұмысына ризашылықтарын білдіріп, жас мамандарға ақ батасын берді.


Ана мен бала орталығының директоры Жапырақ Епенова сала ардагерлеріне көрсеткен адал еңбегі мен өңір медицинасының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, құрмет көрсетті.


Өз кезегінде жас дәрігерлер аға буын өкілдеріне алғыстарын білдіріп, олардың еңбек жолын нағыз ерлікке теңеді. Өйткені бүгінгі денсаулық сақтау жүйесінің іргетасын қалағандар – дәл осы буын.


Ақ халатты абзал жандармен өткен бұл кездесу қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Мұнда айтылған әрбір естелік пен әрбір оқиға – адам өмірі үшін күрескен дәрігерлік қызметтің шынайы тарихы еді.

88
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!