Otpan News Logo

Ақтауда 90 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

|
18.06.2026 14:15
Ақтауда 90 түлек «Алтын белгі» иегері атанды

Ақтау қаласының білім саласында биылғы түлектер ерекше нәтиже көрсетті. Оқушылар сарайында өткен салтанатты жиында 2025–2026 оқу жылының үздіктері «Алтын белгі» төсбелгілерімен марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Салтанатты жиын барысында қала әкімі мектеп бітіруші түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен құттықтап, оқу озаттары атанған жас түлектерге «Алтын белгі» төсбелгілерін табыстады.


– Абай атамыз «Адамның бір қызығы – бала деген» деп бекер айтпаған. Әрбір ата-ананың арманы – өзінен кейін ізгі із қалдыратын, елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі түлектер – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар. Қай салада еңбек етсеңіздер де, білім мен адалдықты серік етіп, қоғамнан өз орындарыңызды табатын қазақтың қайсар да білімді ұл-қыздары болыңыздар. Еліміздің жарқын болашағы сіздердің қолдарыңызда. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.


Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылында Ақтау қаласы бойынша 3600-ге жуық түлек мектеп қабырғасымен қоштасты. Олардың ішінде 90 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, үздік білім көрсеткіштерімен ерекшеленді. Бұл – шәкірттердің білімге деген талпынысы мен педагогтердің жүйелі еңбегінің жемісі.


Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасып, түлектер мен қонақтарға көңіл күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздардың орындауындағы әсем әндер шараның сәнін келтіріп, кештің әсерін арттыра түсті.

66
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!