Otpan News Logo

Келешек мектебінің шәкірттері республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті

|
18.06.2026 15:46
Келешек мектебінің шәкірттері республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті

Мұнайлы ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №19 жалпы білім беретін мектептің оқушылары техникалық шығармашылық бағытында толағай жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Жас өнертапқыштар кеме үлгілеу, көлік құрастыру, дрон және зымыран модельдеу салаларында өз қабілеттерін шыңдап, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қоғамдық коммуникация орталығының жазуынша, мектептің 9 сынып оқушылары инженерлік ойлау мен техникалық шығармашылықты ұштастыра отырып, түрлі бағыттар бойынша өз жобаларын әзірлеп келеді. Олардың қатарында кеме үлгілеу, көлік құрастыру және мәнерлеп жүргізу, дрон құрастыру мен ұшыру, сондай-ақ зымыран үлгілеу бағыттары бар.


Кеме үлгілеу бағыты бойынша Алмас Қожай мен Мерей Қовланов республикалық жарыста IV орын иеленді. Ал техникалық шығармашылық сайысының «Багги 1/10» санатында Асланбек Чанет пен Айбек Ибрахим республика бойынша ІІ орынға қол жеткізді.


Сонымен қатар, Думан Ерболов дрон құрастыру және ұшыру бағытында тың жобалар әзірлеп, тәжірибелік жұмыстар жүргізуде. Ал Бағдаулет Избасқан зымыран үлгілеу саласында өз шеберлігін шыңдап, жаңа жобалармен айналысып келеді.



Оқушылар әзірлеген техникалық модельдердің жасалу мерзімі олардың күрделілігіне байланысты әртүрлі. Кейбір жобалар бір ай көлемінде дайындалса, енді бірі бір жылға дейінгі уақытты қажет еткен. Жас өнертапқыштар құрастырған кеме үлгілері 200 метрге дейінгі қашықтықта қашықтан басқарылып, жоғары техникалық мүмкіндіктерімен ерекшеленеді.


Оқушылардың бұл жетістіктері - жетекшісі, өнертапқыш ұстаз, мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Тұрғанбай Шамуратовтың жүйелі еңбегінің нәтижесі.


Ұстаздың жетекшілігімен оқушылар облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Әсіресе, «Су зымыраны» жобасы аясындағы жетістіктері олардың ғылым мен техникаға деген қызығушылығын арттырып, жаңа идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.


Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған №19 мектеп жұмысын бастаған алғашқы жылдардың өзінде білім беру мен шығармашылықты қатар дамытудың тиімді үлгісін көрсетіп отыр. Бүгінде білім ордасында оқушылардың инженерлік қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, жас өнертапқыштардың жаңа буыны қалыптасып келеді.

63
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!