Маңғыстауда республикалық маңызға ие автожол бойында жөндеу жұмыстары басталады
Маңғыстау облысында республикалық маңызға ие автожолдың екі бірдей учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды otpannews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл маусым айында республикалық маңызға ие «Доссор - Құлсары - Бейнеу - Сайөтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау» автожолының екі учаскесінде жол сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар бастау алады.
Бірінші жоба аясында автожолдың 692-718 шақырым аралығындағы 26 шақырымдық бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында ескі жол жабынын қыру, полимерлі қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төсеу, жол жиектерін нығайту, жол таңбаларын жаңарту және мал қоршауларын орнату көзделген. Жобаның мердігері – «Ақжол+К» компаниясы. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдар аралығында кезең-кезеңімен жүзеге асады.
Сонымен қатар, осы автожолдың тағы бір 52 шақырымдық учаскесінде де орташа жөндеу жұмыстары басталады. Жобаны «Ақ жол құрылыс» компаниясы жүзеге асырады. Құрылыс мерзімі 2026-2027 жылдарға жоспарланған.
Мамандардың айтуынша, жөндеу жұмыстары жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, өңірдегі көлік қатынасының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жол инфрақұрылымын жаңғырту арқылы жүргізушілер мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасалады.