«Жас теңізшілер» командасы «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысады
Жастар арасындағы әскери-патриоттық жұмысты жетілдіру, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру және әскери қызметтің маңызын насихаттау мақсатында Маңғыстау облысы Ақтау қаласының «Жас теңізшілер» командасы «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысуға дайындық жұмыстарын сәтті аяқтады, деп хабарлайды otpannews.kz ҚР Әскери-теңіз күштеріне сілтеме жасап.
«Жас теңізшілер» командасы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, өңір намысын халықаралық деңгейде қорғау құқығына ие болды. Команда құрамында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының 14 пен 17 жас аралығындағы 15 тәрбиеленушісі бар. Оның ішінде 10 ұл және 5 қыз қатысады.
Команданы даярлау жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің 29011 әскери бөлімінің десанттық-шабуылдау батальонының жеке құрамы белсенді атсалысты. Әскери қызметшілер жас патриоттарды алдағы жарыстарға дайындауға және оқытуға елеулі үлес қосты, – деді майор Досмырза Бақытжанұлы.
Дайындық барысында қатысушылар келесі жарыс түрлері бойынша нормативтерді орындап, жаттығулардан өтті:
атыс дайындығы (3 ұл және 2 қыз);
әскери кросс (4 ұл);
кермеде тартылу (10 ұл);
шалқасынан жатқан қалыптан денені көтеру;
әскери-қолданбалы эстафета;
«Smart сарбаз» байқауы;
«Айбын жұлдызы» байқауы;
жүзу (1 ұл және 1 қыз);
арқан тарту;
тактикалық далалық ойын.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің басшылығы «Жас теңізшілер» командасына қолдау білдіріп, қатысушыларға сәттілік, өз күшіне сенім және «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында жоғары нәтиже көрсетуге тілектестік білдірді.