Мемлекет басшысы денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізуді тапсырды
Қазақстан Республикасының Президенті Үкіметке елдегі барлық денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту және ауқымды реновациядан өткізу жөнінде нақты тапсырма берді, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Соңғы жылдары елімізде медициналық инфрақұрылымды жақсарту бағытында біршама нәтижелі жұмыстар атқарылды. Соның ішінде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының бірінші кезеңі сәтті аяқталды.
2023 жылдан бастап елімізде жаңадан 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысаны бой көтерді. Сонымен қатар 32 аудандық аурухананы жаңғырту жұмыстары толық аяқталады. Бұл ауыл мен аудан тұрғындарының өздері тұратын жерде сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Қазіргі таңда елордада және өзге де өңірлерде заманауи емханалар, перинаталдық орталықтар, көпбейінді ауруханалар мен мамандандырылған ғылыми институттардың құрылысы белсенді жүріп жатыр.
Атқарылған ауқымды жұмыстарға қарамастан, денсаулық сақтау саласында әлі де шешімін таппаған күрделі мәселелер бар. Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, бүгінде елімізде пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен 14 мыңнан астам медициналық нысан әлі де халыққа қызмет көрсетіп тұр.
«Алдағы жұмыс – ауқымды. Сондықтан Үкімет бүкіл денсаулық сақтау инфрақұрылымына ауқымды реновация жүргізіп, олардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуы қажет»,- делінген тапсырмада.
Бұл реновация ескірген ғимараттарды жаңартып қана қоймай, медициналық мекемелерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және отандық медицинаның сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталмақ.