Startup Orda: Маңғыстауда технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік артты
Маңғыстау облысында технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жас стартаптарды қолдауға бағытталған Startup Orda инкубациялық бағдарламасының екінші легіне арналған Startup Orda Opening Day ресми ашылу салтанаты өтті.
Іс-шара барысында қатысушыларға бағдарламаның оқу жоспары, алдағы іс-шаралар кестесі және сарапшылармен жұмыс істеу мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар, қатысушылар бағдарламаның құрылымы, негізгі кезеңдері және алдағы үш ай ішінде қолжетімді болатын мүмкіндіктер туралы жан-жақты ақпарат алды.
Бағдарлама аясында қатысушылар стартап идеяларын қалыптастыруды, гипотезаларды тексеруді меңгеріп, технологиялық және кәсіпкерлік дағдыларын дамытады. Сондай-ақ олар менторлық қолдау мен кәсіби трекингтен өтіп, өз жобаларының алғашқы жұмыс істейтін нұсқасын – MVP әзірлейді.
Startup Orda бағдарламасы 12 аптаға созылады және преинкубациялық кезеңді қамтиды. Осы уақыт ішінде қатысушылар идеяны нақты жобаға айналдырудың негізгі кезеңдерінен өтіп, бизнесті дамытуға қажетті тәжірибе мен білім жинақтайды.
Бағдарламаға өңір бойынша 116 өтінім келіп түскен. Іріктеу нәтижесінде 79 қатысушы бағдарлама құрамына қабылданды. Инкубациялық кезеңде қатысушылар үшін трекинг сессиялары, воркшоптар, консультациялар және практикалық кездесулер ұйымдастырылады.
«Astana Hub» автономды кластерлік қорының өңірлік даму кеңсесінің бас менеджері Аида Бейсенованың айтуынша, бағдарлама қатысушылары үшін республикалық және халықаралық деңгейдегі маңызды мүмкіндіктер қарастырылған.
-Бағдарлама қорытындысы бойынша үздік 15 жоба Demo Day кезеңіне өтеді. Солардың ішінен бір жоба халықаралық деңгейдегі ірі технологиялық форум – Digital Bridge 2026-ға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, жеңімпаз жоба Астанада өтетін Startup Alley алаңына және Astana Hub Battle стартаптар байқауына жолдама алады, - деді Аида Бейсенова.
Digital Bridge – Astana Hub халықаралық инновациялық кластері мен Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастыратын Орталық Еуразиядағы ең ірі технологиялық форумдардың бірі. Аталған алаң жасанды интеллект, цифрлық трансформация және стартап экожүйесін дамыту мәселелерін талқылау үшін әлемнің жетекші IT мамандарын, инвесторларын және сарапшыларын біріктіреді.
Айта кетейік, 2026 жылы Startup Orda бағдарламасы Қазақстанның алты өңірінде қатар жүзеге асырылып, өңірлік технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа стартаптардың қалыптасуына ықпал етуде.