Otpan News Logo

Ақтаудағы 30 жылдық тарихы бар фабрика қалай жұмыс істеп жатыр?

Ақтаудағы 30 жылдық тарихы бар фабрика қалай жұмыс істеп жатыр?

Маусымның екінші жексенбісінде Қазақстанда Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлер күні атап өтіледі. «Zhamal-ai LTD» ЖШС - 1993 жылдан бері тоқыма бұйымдары, арнайы киім мен аяқ киім шығарып келе жатқан Маңғыстау облысындағы ең көне кәсіпорынның бірі. Компания жетекшісі Зәбира Хасанова кәсіпорынның дамуы мен саладағы жұмыстың ерекшеліктері туралы otpannews.kz тілшісіне айтып берді.


Ақтаудағы аяқ киім фабрикасында жұмыс күні машиналардың дыбысынан, тері иісінен және үйреншікті жұмыс ырғағынан басталады. Жасалған сапалы өнімдер тек Маңғыстау облысына ғана емес, бүкіл Қазақстанға жеткізіледі.


Зәбира Хасанова өндіріс орнын отыз жылдан бері басқарып келеді. Бүгінде кәсіпорында 107 адам еңбек етеді. Олардың басым бөлігі әйелдер. Осыдан екі жыл бұрын жергілікті технологиялық колледжбен бірлескен жұмыс сәтті болып, кадр мәселесі өз шешімін тапты. Студенттер екінші курстан бастап фабрикада өндірістік практикадан өтеді және оқуды бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.


«Саланың атауы әдемі естілгенімен, бұл жұмысты жеңіл деп айту қиын. Бізден практикадан өткен мамандар жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Қазір кадр тапшылығы жоқ. Жас мамандар заманауи операцияларды меңгеруде. Бұл болашақта оларды тұрақты жұмыспен және лайықты табыспен қамтамасыз етеді. Жас мамандарды даярлауда кәсіпорынның тәжірибелі мамандары ерекше рөл атқарады. Фабрика іске қосылған кезде құрал-жабдықтар Италиядан сатып алынды. Сондай-ақ шетелдік шеберлер жергілікті мамандармен тәжірбие алмасты. Бүгінде өндірісте олардың арасынан 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Ұзақ жылдар бойы осы салада қызмет етіп жүрген ардагер мамандар - біздің алтын қорымыз. Зейнеткерлік жасқа жақындап қалған мамандар - өте құнды, сенімді кадрлар. Олар бар білгенін жаңа буын қызметкерлеріне үйретуде», - деді Зәбира Хасанова.


Кәсіпорын өндіріске қажетті шикізатты отандық өндірушілерден де, шетелдік жеткізушілерден де сатып алады. Басшының айтуынша, материалдардың шамамен жартысы Қазақстанда сатып алынса, қалған бөлігі қытайлық, түрік және ресейлік компаниялардың дилерлерінен алынады. Теріні Алматы кәсіпорындары жеткізсе, жүн Тараздан сатып алынады.


Тапсырыстардың негізгі бөлігін Төтенше жағдайлар министрлігі, сондай-ақ мұнай және құрылыс компанияларына арналған жеткізілімдер құрайды. Кәсіпорын арнайы киім мен аяқ киімнің кең ассортиментін, соның ішінде әртүрлі маусымдарға арналған туфлилер, бәтеңкелер (берцы) мен етіктер шығарады.


Компанияның басты артықшылықтарының бірі -  жеке табан өндірісі. Әрбір аяқ киімнің негізі табан бөлек цехта жасалады. Мұнда арнайы станоктар жұмыс істейді. Ал бастапқы материал неміс, итальян және қытай өндірісінің полиуретаны үлкен жүктемелерге төтеп бере алатын берік әрі жеңіл материалға айналады. Бұл - білімнің, тәжірибенің және  көпжылдық ізденістің нәтижесі.


Осыдан он жыл бұрын фабрика арнайы тапсырыстар шеңберінен шығып, күнделікті киетін аяқ киімдер шығаруды қолға алды. Импорттық өнімге толған нарықтан өз орныңды табу оңай емес. Бірақ сатып алушылар сапаны жоғары бағалады. Күнделікті аяқ киімнің номенклатурасы шамамен 25 модельді құрайды.


  • Фабриканың өндірістік қуаттылығы: жылына 100 мың жұп аяқ киімге дейін.
  • Қазіргі өнім көлемі: күніне орта есеппен 500 жұп аяқ киім.


Зәбира Хасанова 1991 жылы «Ару» шағын тігін цехында бухгалтер болып жұмыс істей бастады. Тұрғылықты жерін ауыстырғанға дейін он жыл бойы өзінің туған қаласы Орскіде тігін өндірісінде еңбек етті. Бүгінде кәсіпорын басшысы екі немере тәрбиелеп отыр.  Ал бос уақытын отбасына, бау-бақшаға және теңіз жағасындағы демалысқа арнайды.


Зәбира Хасанованың айтуынша, кәсіпорынның басты капиталы - адамдар. Ал қызметкерлер мен олардың отбасыларына қамқорлық жасау - өндірістің тұрақты жұмысының маңызды шарты.

40
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!