Otpan News Logo

Президент білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды

Президент білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің құқықтық қорғалуын күшейтуге және білім беру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заңға қол қойды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қабылданған түзетулер Президенттің 2025 жылғы 15 тамызда өткен Тамыз конференциясында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Заң педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, оларды кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол бермеуге, әкімшілік жүктемені азайтуға және білім беру жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған.


Жаңа нормаларға сәйкес педагогтердің, мектептер мен өзге де білім беру ұйымдары басшылығының білім алушылардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілігі тек білім беру процесі кезінде ғана қарастырылады. Сонымен қатар ата-аналардың балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі нақтыланды.


Заң аясында педагогтерден білім беру саласындағы заңнамада көзделмеген есептер мен мәліметтерді талап етуге тыйым салынады. Сондай-ақ құжаттарды бір мезгілде қағаз және электронды форматта жүргізуді міндеттегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.


Түзетулердің тағы бір маңызды бағыты – мектептерде ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануды реттеу. Енді Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың ұялы телефондарды пайдалану қағидаларын бекітеді.


Заңмен алғаш рет академиялық адалдық ұғымы енгізіліп отыр. Бұл бастама зияткерлік меншікке құрмет мәдениетін қалыптастыруға және білім сапасын арттыруға бағытталған.


Сонымен қатар әкімдіктерге республикалық олимпиадаларға, ғылыми жобалар конкурстарына, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарға, кәсіби шеберлік байқауларына қатысатын өңірлік жеңімпаздардың қатысуын қамтамасыз ету міндеті жүктелді.


Маңызды жаңалықтардың бірі – халықаралық кәсіби шеберлік сайысы болып саналатын WorldSkills жеңімпаздарына Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ бейіндік білім беру бағдарламалары бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі беріледі.


Бұдан бөлек, психологиялық-педагогикалық қолдауды қажет ететін балаларға көрсетілетін көмек шаралары кеңейтіледі. Заңның жекелеген нормалары шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының қызметін реттеуге және медициналық кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге бағытталған.


Мамандардың айтуынша, енгізілген өзгерістер педагогтердің мәртебесін арттырып, білім беру сапасын жақсартуға және оқу процесінің тиімділігін күшейтуге ықпал етеді.

11
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!