Президент маңғыстаулық дәрігер Жапырақ Епеноваға жоғары мемлекеттік награда табыстады
Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ие болды. Жоғары мемлекеттік марапатты Ақордада өткен Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты жиында Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, олардың адам өмірін сақтаудағы ерен еңбегін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын қорғау жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлердің қызметіне жоғары баға берді.
Жапырақ Епенова денсаулық сақтау саласында 35 жылдан астам еңбек етіп келеді. Еңбек жолын акушер-гинеколог дәрігер ретінде бастаған ол әр жылдары бөлім меңгерушісі, емдеу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерін атқарған. 2020 жылдан бері Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығын басқарады.
Тәжірибелі маман өңірдегі акушерлік-гинекологиялық қызметтің дамуына, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге және медициналық көмектің сапасын арттыруға елеулі үлес қосып келеді.
Жапырақ Епенованың көпжылдық еңбегі бұған дейін де жоғары бағаланған. Ол 2017 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі» атағын иеленсе, 2020 жылы «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған.