Otpan News Logo

Маңғыстауда оқушыларға суды үнемдеудің маңызы түсіндірілді

|
30.10.2026 15:35
Маңғыстауда оқушыларға суды үнемдеудің маңызы түсіндірілді

OTPANNEWS.KZ. – Ақтау қаласында 96 оқушы «Суды үнемде – болашақты сақта» атты ашық онлайн экологиялық сабаққа қатысты. Іс-шара барысында мектеп оқушыларына су тапшылығының себептері мен су ресурстарын тиімді пайдаланудың қарапайым жолдары түсіндірілді.


Экологиялық сабақ Ақтаудағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында өтті. Оны Маңғыстау облыстық білім басқармасына қарасты дене тәрбиесі және туризм орталығы ұйымдастырды.


Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың су ресурстарының маңыздылығы туралы білімін арттырып, суды ұқыпты пайдалануға деген жауапкершілігін қалыптастыру.


Кездесу барысында оқушыларға су тапшылығы мәселесі, оның негізгі себептері мен ықтимал салдары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар әр адамның күнделікті өмірде су қорын сақтауға қалай үлес қоса алатыны талқыланды.


Мамандар суды үнемдеудің қарапайым тәсілдеріне де тоқталды. Атап айтқанда, кранды қажетсіз ашық қалдырмау, мүмкіндігінше суды қайта пайдалану және су құбырларындағы ақауларды уақытылы жөндеу қажеттігі айтылды.


Оқушылар талқылауға белсенді қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сабақ соңында табиғатты қорғау – баршаға ортақ міндет екенін, ал суды үнемдеу әр адамның күнделікті дағдысына айналуы керектігін атап өтті.

71
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!