Ақтауда үздік кәсіпкерлер марапатталды
OTPANEWS.KZ – Маңғыстау облысының Кәсіпкерлер палатасы «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылған «Адал кәсіпкер» байқауының қорытындысын жариялады.
Байқаудың мақсаты – кәсібін дамытумен қатар, мемлекет, қызметкерлер мен қоғам алдындағы жауапкершілігін жоғары қоятын кәсіпкерлерді қолдау және өзгелерге үлгі ету.
Жеңімпаздарды анықтау барысында кәсіпорындардың заң талаптарын сақтауы, салық міндеттемелерін уақытылы орындауы, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуі, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілігі мен өңірдің дамуына қосқан үлесі ескерілді.
Үміткерлерді жан-жақты әрі әділ бағалау мақсатында олардың кандидатуралары салық органдарына, прокуратураға және еңбек инспекциясына жолданып, тиісті тексерулер жүргізілді. Нәтижесінде заңдылық, ашықтық және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарын ұстанатын кәсіпкерлер жеңімпаз атанды.
Байқау үш номинация бойынша қорытындыланды:
* «Адал кәсіпкер» – «Берекет-Ф» ЖШС өкілі Зарета Фаталиева;
* «Қауіпсіз кәсіпорын» – «OSS Kazakhstan» ЖШС өкілі Шыңғыс Есбосынов;
* «Үлгілі салық төлеуші» – «ADONA LTD» ЖШС өкілі Александр Цхай.
Жеңімпаздарға марапаттарды Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ақиқат Шарапатдинов табыстады.
«Біз кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтап, салық міндеттемелерін уақытылы орындағаны, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз еткені және адал кәсіпкерлік қағидаттарын ұстанғаны үшін марапаттауды жөн көрдік. Бұл көрсеткіштер олардың жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымын айқындайды. Сонымен қатар өзге кәсіпкерлерге де үлгі болуы тиіс», – деді Ақиқат Шарапатдинов.
Жауапты бизнесті қолдау өңірде заңға құрметпен қарау мен адал бәсекелестік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай бастамалар кәсіпкерліктің табысы экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, оның қоғам алдындағы жауапкершілігімен де өлшенетінін көрсетеді.