Кендірлі әуежайының құрылысы қарқынды жүріп жатыр
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысындағы Кендірлі әуежайының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта әуежайдың негізгі нысандарында құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жоба толық іске қосылғанда әуежай сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдай алады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Президент тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан жоба Кендірлі курорттық аймағының туристік әлеуетін арттыруға бағытталған. Әуежай Жаңаөзен қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Жалпы аумағы 599 гектарды құрайды.
Маңғыстау облысы құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәліметінше, құрылыс жұмыстары төрт кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде газ, су, электр және байланыс желілері тартылса, екінші кезеңде жасанды ұшу-қону жолағы, рульдік жол, автожолдар мен перрон салынуда. Үшінші кезеңде әуежай мұнарасы мен метеорологиялық жабдықтар орнатылады. Ал төртінші кезеңде жолаушылар терминалы, қызметтік-техникалық аумақ, жанар-жағармай қоймасы, авариялық-құтқару станциясы және басқа да инженерлік-техникалық ғимараттар бой көтереді.
Қазіргі уақытта төртінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 137 арнайы техника мен 344 жұмысшы жұмылдырылған.
Жоба жүзеге асқаннан кейін Кендірлі курорттық аймағына еліміздің өзге өңірлерінен тікелей әуе рейстерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Баку, Астрахань және Нөкіс қалаларымен халықаралық әуе қатынасын орнату мүмкіндігі қарастырылуда.