Otpan News Logo

Маңғыстаулық дәрігерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді

|
26.10.2026 12:13
Маңғыстаулық дәрігерге «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді

OTPANNEWS.KZ – Маңғыстаулық хирург, медицина ғылымдарының докторы Талғат Мұқантаевқа «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді. 


Талғат Мұқантаев – өңірдің денсаулық сақтау саласында 38 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жоғары білікті маман. Осы уақыт ішінде ол Маңғыстау облысында 12 мыңнан астам ота жасап, күрделі хирургиялық емдеу әдістерін енгізуге және эндоскопиялық хирургияны дамытуға елеулі үлес қосты.


Ол 1988 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Маңғыстау облыстық ауруханасында хирург болып бастаған. Әр жылдары хирургиялық көмек жөніндегі бас дәрігердің орынбасары, аурухананың бас дәрігері және жалпы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 2018 жылы медицина ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.


Талғат Мұқантаев өңірде алғашқылардың бірі болып өңеш пен асқазанның күрделі ауруларын хирургиялық емдеу әдістерін, сондай-ақ бейнеэндоскопиялық оталардың түрлі тәсілдерін енгізіп, тәжірибеде қолданды. Оның кәсіби біліктілігі мен тәжірибесі Маңғыстау медицинасының дамуына ықпал етті. Қазіргі уақытта ол «Ясин» медициналық орталығының хирургия бөлімшесін басқарады және Маңғыстау облысының бас штаттан тыс хирургі қызметін атқарады.


Дәрігердің еңбегі бұған дейін де жоғары бағаланған. Ол 2012 жылы эндохирургияны дамытуға қосқан үлесі үшін «Алтын эндоскоп» халықаралық наградасымен марапатталып, 2014 жылы «Жыл адамы» атанды. 2017 жылы «100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы атанып, «Құрмет» орденімен марапатталды.


«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы – Талғат Мұқантаевтың медицина саласындағы көп жылғы еңбегі мен халық денсаулығын сақтауға қосқан үлесінің лайықты бағасы.

144
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!