Маңғыстауда қарасора өсірген жасырын орын анықталды
OTPANNEWS.KZ. - Мұнайлы ауданында есірткі заттарын өсіруге арналған арнайы жабдықталған орын анықталды. Құқық қорғау органдары 44 түп қарасора, ультракүлгін шамдар мен таймерлерді тәркіледі. Алынған заттар мен өсімдіктердің жалпы салмағы 14 келіден асты.
Арнайы операция 21 қазанда «Қарасора» және «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында өтті. Іс-шараға облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша 5-басқармасы және «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар іздестіру жұмыстарына Чак есімді қызметтік ит жұмылдырылды.
Шамамен сағат 21:10-да Мұнайлы ауданында тәртіп сақшылары Renault Sandero автокөлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде 40 жастағы ер адам болған. Тексеру барысында автокөліктің алдыңғы бөлігіндегі зат салатын орыннан марихуана салынған пакет табылды.
Осыдан кейін жүргізілген жедел-іздестіру шаралары ауданның өнеркәсіптік аймағында орналасқан есірткі өсімдіктерін өсіруге арнайы жабдықталған орынға алып келді.
Тінту кезінде полиция қызметкерлері 44 түп қарасора, өсімдіктерді өсіруге пайдаланылған 13 ультракүлгін шам мен 15 таймерді тәркіледі. Өлшеу актісіне сәйкес, алынған заттар мен өсімдіктердің жалпы салмағы 14 келі 20 граммды құрады.
Есірткі заттарын сақтау дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ал құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 300-бабына сәйкес жеке іс жүргізу басталды.
Қазіргі уақытта аталған оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті есірткі заттарын заңсыз сақтау және құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.