Ақтаудағы жаңа автовокзалдың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
OTPANNEWS.KZ - Маңғыстау облысында жолаушылар тасымалының сапасын арттыру және өңірдегі көлік инфрақұрылымын жүйелеу мақсатында Ақтау қаласында заманауи жаңа автовокзал құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайды.
Жаңа нысан Ақтау қаласының 36-шы шағынауданындағы №8 өндірістік аймақта орналасқан. Аумағы 15 гектарды құрайтын кешен тәулігіне 10 000 жолаушыға, ал сағатына 550 адамға қызмет көрсетуге есептелген.
«Жаңа автовокзал жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, облыстағы тасымалды орталықтандыруға мүмкіндік береді. Кешенге 29 бағытты енгізу жоспарланған, оның 18-і — ауданаралық, ал 11-і — қалаішілік маршруттар. Бұл бағыттар бойынша барлығы 243 автобус қатынайды», - деді Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Асылбек Нұрмұханов.
Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 72%-ы аяқталды. Ғимараттың сыртқы әрлеуі 95%-ға орындалып, қазіргі уақытта ішкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайды. Мұнда жолаушылар мен келушілерге барынша жайлы жағдай жасау үшін барлық әлеуметтік және тұрмыстық инфрақұрылым қарастырылған. Бірінші қабатта кең күту залы, кассалар, ана мен бала бөлмесі, балалар алаңы, жүк сақтау қоймасы, полицияның учаскелік пункті және қызметкерлердің демалыс орындары орналасады. Сонымен қатар кешен аумағында медициналық пункт, асхана, қонақүй және намазхана жұмыс істейтін болады.
Жаңа автовокзалдың іске қосылуы Ақтау қаласы мен облыс аудандары арасындағы қоғамдық көлік қатынасын бір орталыққа біріктіріп, қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз әрі сапалы көлік қызметін ұсынуға жол ашады.