Маңғыстаулық журналист қырғыз спортшысына құрмет көрсетті
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстаулық спорт журналисі Айбек Мұханов күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қырғызстандық танымал балуанға арнайы сыйлық табыстады.
Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында әйелдер күресінен 68 келіге дейінгі салмақта Мейірім Жұманазарова финалға шығып, күміс медаль иеленген болатын. Жарыстың ресми марапаттау рәсімінен кейін Айбек Мұханов бауырлас елдің спортшысына Маңғыстаудан арнайы ала барған сыйлығын табыстады.
Бұл туралы әріптесіміз әлеуметтік желідегі парақшасында бейнежазба жариялады.
Кездесу барысында ол Мейірім Жұманазароваға Маңғыстаудан арнайы алып келген ұлттық нақыштағы кеудешені сыйға тартты. Сонымен қатар отандық кондитерлік өнімдерді ұсынып, спортшыны жүлдесімен құттықтады.
«Қазақстанда алған күміс медаліңіз Лос-Анджелес Олимпиадасында алтынға айналуына тілектеспін! Жүлдеңіз құтты болсын!» - деді Айбек Мұханов балуанға.
Айта кетейік, Айбек Мұханов бұған дейін аталған чемпионатта Токио Олимпиадасының чемпионы, бес дүркін әлем чемпионы, жапониялық Юи Сусакиге де ерекше сыйлық табыстаған еді. Спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген жерлесіміз Астанадағы байрақты бәсекені арнайы барып, бірқатар спортшыдан сұхбат алған болатын.