Otpan News Logo

Ақтауда инновациялық IT-жобаларды қолдауға бағытталған республикалық хакатон басталды

|
30.10.2026 14:33
Ақтауда инновациялық IT-жобаларды қолдауға бағытталған республикалық хакатон басталды

OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласында Decentrathon 6.0 республикалық хакатоны басталды. Қазақстанның 19 қаласында бір мезгілде өтіп жатқан байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 5 600-ден астам өтінім түскен, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Өңірдегі хакатонды Маңғыстау облысының цифрлық технологиялар басқармасы, Mangystau Hub және Yessenov University бірлесіп ұйымдастыруда. Өңірлік кезең университет базасында өтіп, оған IT-шешімдер әзірлеуге, жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларға қызығушылық танытқан 198 қатысушы жиналды.


Іс-шараның мақсаты – өңірдегі IT қауымдастығын біріктіру, жас мамандардың тәжірибесін арттыру және инновациялық жобалардың дамуына қолдау көрсету. Сонымен қатар жастардың жасанды интеллект, блокчейн және басқа да заманауи технологиялар бағытында жаңа шешімдер әзірлеуіне мүмкіндік жасау.


-Қазақстанда ең ауқымды мультилокациялық хакатондардың бірі өтіп жатыр. Еліміз бойынша 900-ге жуық команда, 2 500-ге жуық қатысушы бас қосып, 200-ден астам IT-шешім ұсынуда. Бұл алаңға Маңғыстау өңірінің болашақ IT мамандары да жиналып, өз жобаларын таныстыруда, – деді Ш. Есенов атындағы университеттің компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің деканы Лаула Орынбасарқызы.


Екі күнге жоспарланған хакатон барысында қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындап, ұсынылған кейстер негізінде технологиялық шешімдер әзірлеуде. Командалар менторлардан кері байланыс алып, жұмыстарын техникалық қазылар алқасына ұсынады. Республикалық ұйымдастырушылары – Astana Hub және Blockchain & AI Technology Center (BAITC). Іс-шара ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.

75
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!