Жаңаөзен полицейлері ұрланған 15 млн теңгенің алтын бұйымдарын іздеп жатыр
OTPANNEWS.KZ. – Жаңаөзенде зергерлік бұйымдар сататын дүкеннен 15 миллион теңгенің алтынын ұрлады деген күдікпен 19 жастағы жігіт ұсталды. Ол гауһар тастары бар 24 жұп сырға мен 24 алтын сақинаны алып кеткен.
Оқиға 10 қазанда сауда орталығының екінші қабатында болған. Полицияның мәліметінше, күдікті зергерлік бұйымдар сататын дүкенге заңсыз кіріп, әшекейлерді ұрлаған. Оның бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Келтірілген шығын 15 миллион теңгеге бағаланды.
15 қазанда полицейлер 19 жастағы жігітті ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ол ұрлық жасағанын мойындап, алтын бұйымдарды сатып жібергенін айтқан. Қазір полиция ұрланған әшекейлерді іздестіріп жатыр.
Осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғасып жатыр.