Ақтауда «Ақтау түні» концерті өтті
OTPANNEWS.KZ. - Ақтау қаласындағы М. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының ұйымдастыруымен «Ақтау түні» атты концерттік бағдарлама өтті.
Концерттің мақсаты – ұлттық өнерді дәріптеу, қазақтың дәстүрлі музыкасы мен әлемдік классикалық шығармаларды насихаттау, сондай-ақ жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Өнер кешінде Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі халық күйлерін, әлемдік классикалық шығармалар мен қазіргі заманғы әндерді орындады. Қазақтың дәстүрлі туындылары жаңаша бағытта ұсынылып, театр залы көрерменге толды.
– Бұл кеште ұлттық өнерімізден бастап әлемдік классикалық шығармалар мен қазіргі заманғы әндер орындалды. Қазақтың шоқтығы биік дәстүрлі әндерін жаңаша бағытта ұсыну арқылы жастарды ұлттық және классикалық өнерге баулуды мақсат еттік. Аталған кеш алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді М. Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының директоры Данияр Сағынғалиұлы.
Концерттің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рахат Мадреев. Дирижерлік еткен Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері Бауыржан Көбенғалиев. «Ақтау түні» концерті ұлттық мұра мен классикалық музыканы тоғыстырған мазмұнды өнер кешіне айналды.