Ақтауда сәтсіз пластикалық ота үшін дәрігерден 3 млн теңге өндірілді
OTPANNEWS.KZ – Ақтауда пластикалық отадан кейін денсаулығына зиян келген әйел хирургтен 3 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп алды. Сот медициналық қызметтің сапасыз көрсетілгенін растағанымен, емделуге жұмсалған шығындарды өтеу туралы талапты қанағаттандырмады.
Ақтау қаласының №2 сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, әйел 2022 жылғы маусымда бет пішінін түзету мақсатында пластикалық ота жасатқан. Алайда хирургиялық араласудан кейін оның құлағы мен бетінде тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндерінің жағдайы мен сыртқы келбеті нашарлаған.
Алғашқы емдеу шаралары күткен нәтиже бермеген соң, әйел басқа мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
2025 жылы Алматы қаласында қайта түзету отасын жасатқан. Бірақ одан кейін де асқынулар туындап, бет жүйкесінің бір тармағы зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияланған. Сот материалдарына сәйкес, әйел ұзақ уақыт бойы физикалық жайсыздық пен психологиялық күйзеліске ұшыраған.
Осыдан кейін пациент сотқа жүгініп, хирургтен кейінгі емделуге жұмсалған шығындар үшін 20 млн теңге материалдық өтемақы және моральдық зиян үшін 10 млн теңге өндіруді сұраған.
Сараптама нәтижелері медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты денсаулыққа зиян келгенін және моральдық зардап шеккенін растаған.
Алайда сот емделуге кеткен шығындарды өтеу туралы талапты қанағаттандырмады. Өйткені талап қоюшы кейінгі медициналық көмекке жұмсаған шығындарының барлығын тиісті құжаттармен дәлелдей алмаған.
Нәтижесінде сот талапты ішінара қанағаттандырып, хирургтен әйелдің пайдасына 3 млн теңге моральдық өтемақы өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.