TikTok-та балағат сөз айтқан маңғыстаулық тұрғын 5 тәулікке қамалды
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде былапыт сөздер айтқан 23 жастағы тұрғын бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында өңір тұрғыны Әмір Мирас тікелей эфир кезінде бірнеше рет балағат сөз айтқаны анықталған.
Осы дерекке байланысты оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша хаттама толтырылған. Сот ер адамды кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Полиция департаменті әлеуметтік желідегі әрекеттер де заң талаптарына сай бағаланатынын еске салды.